
| Архив газеты | №10021 (2) от 2010 |
|
МЕН ЖЕТЕЛЕП ӨЛЕМІН, ӨРГЕ ҚАРАЙ ҚАЗАҚТЫ!
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ірі ақын, ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының орны үлкен. Шәкәрім бұрынғы Семей облысы, Абай ауданындағы Шыңғыстауының бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден туған. Құдайберді 37 жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған.
Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Жеті жасынын бастап өлең, сөзге бейімділігін танытады. Шәкәрімнің ерекше зеректігін аңғарған Абай өз оны қамқорлығына алады. Молда сабағынан басқа, орысша үйренеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды. Жиырмаға толғаннан кейінгі үш жылын Шәкәрім болыс болып, ел басқаруға арнаған. Бұл жылдарын ол «Еріксіз жетімдік шоқыдым», «Ар кетіп, айла жамылдым» деп еске алады. Әйтсе де елмен қызмет бабында араласу ақынның адам тануына, адамшылық пен аярлықты айыра білуіне, қоғамдық ортаның тамырын басып, сырқатын анықтауына көмектеседі. Ақынның алғашқы өлеңдері жастық, махаббат тақырыбына арналды. Бастапқы өлеңдерінен-ақ ол Абайдың тіл мәдениетін, ақындық үлгісін пайдаланады. Абай ағасынан ғылым-білімін үйреніп, ақылын тыңдап қана қоймай, кісілікке де, азаматтыққа да үйренеді. Оның сынына түсіп, шығармашылық жаттығудан өтеді. Абайдай еңбек етіп, өмір сүруді өзінің бірден-бір мақсаты санайды. Жастай орыс, түрік, араб, парсы тілін үйренуге ден қояды. Шәкәрім - өзінің ізгі ойларын, халқына деген ақ, адал көңілін өлеңмен өрнектеген ақын. Қай тақырыпты жырласа да, ол Абайдың гуманистік идеясы үлгісінде, реалистік тәсілмен жеткізуге күш салған. Шәкәрім лирикасы мен поэмаларындағы философиялық терең ойшылдық пен поэзиялық көркемдік Абай дәстүрімен әрдайым үндесіп жатады. Оның бүкіл әдеби мұрасынан Абай іргетасын қалаған реалистік әдеби дәстүрдің жалғастығы жарқырай көрінеді. Біз 06-КМк тобы осы Абай мен Шәкәрім туған қасиетті жерлерге барып, қазақтың ұлы қос данасына тағзым етіп қайтық. Бұл жерлерден біз болашақ өмірімізге маңызы зор тәрбие алдық, әдебиетте оқылмаған сырлар жайлы естідік. Мысалға, біз Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі жайлы көп білдік. Шәкәрім өзінің «Саят қорасында» тынығып отырғанында, оны өлтіріп, жанындағы құдыққа тастайды. Тек отыз жыл өткен соң оның айдаудан келген ұлы бұны біліп, оны құдықтан алып шығып, жерге берген. Мұны естігенде жан-жүрегіміз төңкерілді. Біз қазақ елінің болашағы, ақ қаймағы, жоғары білімді, білікті жастар қазақ халқының ұлы данасы Шәкәрімнің шығармашылығын мақтан етіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп пір тұтамыз! |