Газета За знание
Архив газеты №10021 (2) от 2010

Елбасының Жолдауы - студенттердің қолдауы

Жыл сайынғы Қазақстан Республикасы Елбасының халыққа Жолдауына байланысты 08-ЗУк және 08-КДк топтары арасында кураторлық сағат өткізілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнайды. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын биылғы Жолдау арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап беруде. Елбасы биылғы Жолдауында еліміздің 21 ғасырдың алғашқы онжылдық дамуын қорытындылап, 2020 жылға дейінгі бағыт-бағдарын айқындады.

Кураторлық сағатқа Қазақстан тарихы және құқық кафедрасының аға оқытушысы Амантай Джақсылықов шақырылды.  Жолдаудың өзіндік ерекшелігі, жаңалығы, жаңа мақсаттары болатыны белгілі. Елбасы білім беру жүйесі туралы заңға өзгерістер енгізу жөнінде де атап өтті. Ол - алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе. Оқу орындарының да ары қарай дамуына жол ашылары анық. Былтырғы дағдарыс кезінде жастарға зор көңіл бөліні белгілі. Әсіресе, студент жастарға қосымша гранттардың бөлінуі ата-ана мен студент үшін көп көмек болды. Шәкіртақының да көбейетіндігі айтылды. Жолдауда: «Жастар - біздің болашағымыздың негізі - өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. Бала бақшадан бастап университетке дейінгі сапалы білім бүкіл еліміз бойынша әр отбасына қолжетімді болады...», - деп айтылған. Еңбек ресурстарының бәсекелестігін арттыру мақсатында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» бағдарламасын ұсынды. Ондағы мақсат мемлекеттік тіл - қазақ тілін, ресми тіл - орыс тілін және халықаралық тіл - ағылшын тілін халықтың неғұрлым көп бөлігінің меңгеруіне бағытталған.

Жолдауды талқылау барысында топ студенттері өздеріне қатысты мәселелердің шешілуіне тікелей әсер ететіндіктен, Жолдауды, Елбасының саясатын толық қолдайтындықтарын айтты. Осы Жолдауды толығымен қолдап, оның жүзеге асуы үшін жауапкершілікпен қарап, белсенділік көрсететіндіктерін білдірді.

Ең бастысы, Жолдауда айтылған мәселелер орындалып, мақсаттарға жетсек еліміз, әрі қарай өркендей түсері сөзсіз. Мемлекетіміз алдында тұрған сыннан сүрінбей өтіп, тәуелсіз еліміздің одан ары көркейіп, өсіп-өркендеуіне жазсын!

Жанар Қалиғожина, геодезия, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының аға оқытушысы, 06-ГТк, 08-ЗУк, 08-КДк топтарының кураторы