Газета За знание
Архив газеты №10021 (2) от 2010

Жолдаудың жемісі тек халық игілігі үшін

Біз, экономика және менеджмент факультетінің студенттері жылда Елбасымыздың жолдауын оқып, қолдап жүреміз.

Биылғы Жолдауда Президент, еліміздің алдағы 10 жылдағы – экономикалық даму бағыттары мен индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асыру міндеттерін анықтады. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық пен жеке кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қордаланған мәселелердің шешу жолдарын көрсетті.

Президент жыл сайынғы жолдауында елдің әлеуметтік ахуалын әсте ұмыт қалдырған емес. Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкіртақылар мен бюджеттегілер еңбекақыларын 1 сәуірден бастап жиырма бес пайызға өсіру қарастырылған. Өткен жылғы экономика өсімінің оң серпінін шәкіртақылар мен бюджеттегілердің еңбекақыларын үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге мүмкіндік бар деді Президент.

Биыл Жеңістің 65 жылдығы. Осы айтулы оқиғаға орай Президент отан соғысына қатысқан мүгедектер мен олардың жесірлеріне 65 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы тағайындауды тапсырды.

Алдағы онжылдықта еліміздің барлық өңірлері мектепке дейінгі білім беру орындарымен қамтамасыз етілмек. Ал мектептер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Сонымен қатар, жоғарғы оқу орындары, өз қабырғаларында беретін білім сапасын арттырып, оларды халықаралық талаптарға сәйкестендірмек.

Білімді де дені сау азамат, елдің болашағы. Сондықтан да, халықтың денсаулығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, оны жан-жақты өмірге енгізу де маңызды шара. Азия ойындарына орайластырылып салынған спорттық кешендер, халықтың спортпен шұғылдануына сеп болмақ.

Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді. Жаңа онжылдықта өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз.

Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді. Қауіпсіздік жөніндегі аса ықпалды ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетін болады: “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік”.

Елбасының биылғы жолдауы ерекше болды. Ең маңызды үлкен мәселе, ол – тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін барша қазақстандықтар аянбай еңбек етуі керек.

Президент Қазақстанның келешектегі 10 жылдық дамуына бағыт-бағдар сілтеп, сара жолды нұсқады. Ал, жолдаудың жеңісі мен жемісі тек халық игілігі үшін.

Бақыт Злобин, ЭжМФ, 07-БЭ-1 тобының студенті