БАРАҚ ХАН

(1423 - 1428 жж. билік құрған)

1423-1428 жж. Ақ Орданың ханы болды. Құйыршық ханның ұлы, Орыс ханның немересі. Барақ өз тұсында ең беделді хандардың бірі болған. Сығанақ қаласын салуды басқаруға қатысты.

Алтын Орданың күйреу кезеңінде, төре тұқымдарының таққа тартысы кезінде, Ақ Орда бірқатар ұлыстарды иеленген болатын. Тақ мұрагерлерінің бірі Барақ хан еді. 1416 жылы Дешті-Қыпшақтың билеушілері мен Темірдің немересі Ұлұқбектің арасында Сырдарияның төменгі ағысындағы жерлер үшін күрес басталды. Бұл күрес бүтіндей жүз жылға созылды. Ұлұқбектің соғысқа араласуына Барақ ханның одан көмек сұрауы себеп болды. Бұл 1419 жылы мамыр айында Самарқанда болған еді. Ұлұқбек Барақ ханға қонақжайлылық көрсетіп, оған көмектесуге бел байлады. Барақ хан өз қарсыластарын жеңіп, билігін бірте-бірте нығайта берді. 1422 жылы өзінің ең негізгі қарсыласы - Мухаммед ханның Ордасын бағындырғаннан кейін, Барақ хан Дешті-Қыпшақ аумағының үлкен бөлігін жаулап алды. Оның аумағы Сырдарияның төменгі ағысынан Арал теңізіне дейінгі аралықта, солтүстікте Жайық өзенінен Тобыл өзеніне дейін, солтүстік-шығыста Ертіс өзеніне дейін созылып жатты.

1423 жылы хандық билікке қол жеткізген Барақ хан Мауренахрға қарсы бағытталған саясатты жүргізе баста­ды - 1425 жылы Ұлұқбек мемлекеті мен Сығанақ арасындағы шекараға ішкерілей жақындаған Барақ хан бұрын атасы Орыс ханның қоластында болған, одан Темір жау­лап алған Сырдария өзенінің бойындағы Ақ Орданың ежелгі жерлерін қайтаруды талап етті. 1427 жылдың басында Сығанақ түбінде Ұлұқбек пен Барақ хан әскерлері арасында кескілескен ұрыс болды. Жеңіліске ұшыраған Ұлұқбек әскерлері Самарқан қаласына дейін ығыстырылды. Тек 1427 жылдың мамыр айында соғысқа Шахрух бастаған  Ғират әскерінің араласуымен Барақ хан Дешті-Қыпшаққа кері оралуға мәжбүр болды. Сығанақ қайтадан Орыс хан тұқымдарының ордасына айналды.

1428 жылы Моғолстан сұлтаны Махмұд оғланға қарсы шайқаста Барақ хан қаза болды. Сол 1428 жылы Дешті-Қыпшақты Әбілқайыр хан (1428-1468) жаулап алған еді.