![]() |
ТӨЛЕ ӘЛІБЕКҰЛЫ (1663 - 1756 жж.) |
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы жүздің атақты биі және заң шығарушы Төле Әлібекұлының есімі қазақ халқының тарихында мәңгілік қалады.
Төле жас шағынан өз руының ісіне араласып, ақыл-кеңес беріп, билік шешімдерін шығарып, би міндетін атқара бастайды. Қазақ даласында би атану үшін екі қасие: билік дәстүрінен жан-жақты хабардар болу және шешендік өнері болуы талап етілетін. Әдет-ғұрыптардың терең білгірі және жезтаңдай шешен-даугер Төле би талаптан да асып түсті. Жиырма бес жасында оның даңқы шартарапқа жайылып, руластары мен көршілері ақыл-кеңес сұрай, дау-дамайларын шешу үшін іздеп келетңн болған. Көбіне, ол даудың түйінін бір-ақ ауыз сөзбен шешіп беретін. Төле бидің ақылды, тапқырлыққа, шеберлікке толы, таным-талғамы мол сөздері қазір де құнын жоғалтпаған қанатты сөздерге айналған. Мысалы: «Мақтаншақ жігіт жисаң-ұятқа қалдырар», «Досыңа өтірік айтпа – сенімің кетер», «Батыр деген барақ ит, екі долы қатынның бірі табады. Би деген бір бұлақ, қатынның ілуде бірі табады», т.б. Халық арасында «Ақтабан шұбырынды» аталған жоңғар шапқыншылығы жылдарынад Төле би басқыншыларға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі болады. Тәуке ханның замандасы әрі серігі Төле би бір орталықты тұтас мемлекет құруды жақтайды, Қазқ хандығының күші үш жүздің бірлігінде, біртұтас халық болуында, осы бірілкті қамтамасыз ететін қатаң да әділ заңның сақталуында деп біледі. Руаралық жанжал мен дауларға жаны қас Төле би: «Халық ынтымақты болса, өзгеге өнеге бола алады. Билеуші халық қамы мен бірлігін ойласа ғана өз орнында отырғаны» деген.
Үш жүздің бірігуі кезеңінде төбе би болған Төле – атақты «Жеті Жарғы» заңдар жинағы авторларының бірі. Баға жетпес өмір тәжірибесі бар билер көшпелі халықтың этикасын, әкімшілік заңдары мен нормаларын, қылмыстық және азаматтық құқығын жинақтап, қоғамдық қатынстарды белгііл ережелерге бағындыратын құқықтық құжат жасады.
Төле бидің өмір мен қызметін, оның тарихи маңызын, шешеннің өзінің мына сөзі айқындап тұрғандай: «халық – бай адамдарымен емес, ақылды адамдарымен бақытты».