«Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы

21 қазан 1917 ж.

I. Мемлекет қалпы

Русия демократический федеративный республика болу.

(Демократия мағынасы мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федерационный республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әр қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді.)

Үкімет басында Учредительное Собрание мен Г.Думаға қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер Учредительное собрание мен М.Дума алдында жауаптар болу.

Депутаттар тегіс, тең, төте ћәм құпия сайлаумен болады. Сайлау құқында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болу.

Законды жалғыз ғана М.Дума шығару ћәм Г.Дума үкімет үстінен қарап, ісін тексеру, запрос (сұрау) жасау құқы да Г.Думада болады. Мемлекет салығы Г.Думасыз салынбау.

 

II. Жергілікті бостандық

Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгінін өзінде болып Русия республикасының федерациялық бір ағзасы болу. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болу, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болу. Қайткенде де осы екі земствалықты қабыл алу.

«Алаш» партиясы қазақтың би, болыс, ауылнайлары сияқты орындарында қызмет ететін адамдар жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етерге көңілді адамдар болуына жаћұд қылады. Земствалардың управаларында, милицияларында таза қызметші боларлық адамдардың атын халық қалауына салады.

«Алаш» партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарқы ету жағына бастайды.

 

III. Негізгі құқық

Русия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу.

Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік. Үкімет қызметшілері, иесінен рұқсатсыз ешкім табалдырығынан аттамаушылық. Законсыз жолмен ешкім ешкімді үкімет адамдары ұстамаушылық. Сот сұрамай, билік етілмей, тұтқын қылмаушылық. Қылмысты болған адам судия бар жерде 24 сағат ішінде, судиясыз жерде бір жетіден қалмай судияға тапсырып жауап алса, судия үкімімен жабылу.

Кісі хатын ашқанға айып, оқығанға жаза болу.

 

IV. Дін ісі

Дін ісі мемлекетісінен айырулы болу. Дін біткенге тең құқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық.

Муфтилік қазақта өз алдына болу. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болу. Жесір дауы сотта қаралу.

 

V. Билік ћәм сот

Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайында қарай болу. Би ћәм судия жергілікті жұрттың тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі ћәм үкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылу. Би ћәм судия орнынан тергеусіз түспеу. Билік ћәм сот жүзінде жұрт біткен тең болу. Құдайдан соңғы күшті би ћәм судия болып, кімге болса, олардың үкіміне мойынсұну. Айтылған үкім тез орнына келу. Зор жазалы қылмыстар присяжный сотпен қаралу. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болу. Присяжныйлар қазақтан алыну. Қырдағы ауыл, болыс ішіндегі билікпен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылу.

 

VI. Ел қорғау

Ел қорғау үшін әскер осы күнгі түрде ұсталмау. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету. Әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай бөлу. Әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқару.

 

VII. Салық

Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға-байша, кедейге –кедейше ғаділ жолмен таратылу.

 

VIII. Жұмысшылар

Жұмысшылар закон панасында болу. (Қазақ жерінде завод-фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз. «Алаш» партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевик тобының программасын жақтайды.)

 

IX. Ғылым-білім үйрету

Оқу орындарының есігі кімге де болса ашық ћәм ақшасыз болу. Жұртқа жалпы оқу жайылу. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқу. Қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашу. Оқу жолы өз алды автономия түрінде болу. Үкімет оқу ісіне кіріспеу. Мұғалімдер-профессорлар өз-ара сайлаумен қойылу. Ел ішінде кітапханалар ашылу.

 

X. Жер мәселесі

Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасын алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу. Қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша қазақ жеріне оған мұжық келмеу.

Бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайту. Қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу. Сыбаға өлшеу нормасы – жердің топырағы мен шаруашылық түріне қарай жасалу. Сыбағадан артылған жер земства қолында болу. Артық тұрған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға келісіп берілу. Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілу. Жерді қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктенп алу. Өзара әділдік жолмен пайдалану.

Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земстваға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазнаныкі болып, билігі земства қолында болу.

Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш ћәм көл байлықтары земства мүлкіне саналу.

Жоба жасаушылар: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Құмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов.

Қазақ.-1917.-№251. //Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы.
Сәуір 1901 ж. –желтоқсан 1917 ж.-Алматы: «Алаш», 2004. Т.1.-438-441-бб.